Алматыдағы бойжеткен өлімі: күдікті марқұмның денесін бөлшектеп тастаған

2755

Қыздың денесі қаланың әр ауданындағы қоқыс жәшіктерінен табылған.

Алматыдағы бойжеткен өлімі: күдікті марқұмның денесін бөлшектеп тастаған

Полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады inbusiness.kz порталы. 

Наурыз мерекесінің қарсаңында Алматыда 19 жасар Аяжан Еділова есімді бойжеткеннің жоғалып кеткенін желідегі барлық парақшалар жарыса жазды. 21 наурыз күні тәртіп сақшылары суыт хабар жеткізді. Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахмановның айтуынша, бойжеткен 19 наурыз кешкі сағат 20:48-де жұмысынан шыққан. Кейін ол әлеуметтік желіде танысқан Т. есімді азаматпен кездескен. Сол түні күдікті өз үйінде бойжеткенді қатыгездікпен өтрілген. 

"20 наурыз күні сағат 16:06-те марқұмның әпкесі оның жоғалғаны туралы хабарлады. Бірден жедел тергеу тобы құрылып, ізкесушілер бойжеткенді іздеуге кірісіп кетті. Жедел іздестіру кезінде Аяжанның Т. есімді жігітпен кездесуге кеткені анықталады. 21 наурыз күдіктіні ұстау операциясы болды. Сол кезде ол өз-өзіне қол салғысы келіп, тамағындағы тамырын кесіп жіберді. Бірден №7 қалалық ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Оны арнайы жасақ күзетшілері күзетуде. Күдікті кінәсін толық мойындады", – деді Полиция департаменті басшысының орынбасары. 

Сот санкциясымен бұлтартпау шаралары қарастырылған. Күдікті ауруханадан шыққан бойда қамауға алынады.  Іс Қылмыстық кодекстің 99 бабы 2-тармағы бойынша қозғалды. 

Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, күдікті мен бойжеткеннің арасында жан жал туған. 19 наурыздан 20 наурызға қараған түні ол қызды өлтіріп, қылмысын жасыру үшін денесін бөлшектеп тастаған. 

"Күдікті дене бөлшектерін қаланың әр ауданындағы қоқыс жәшіктеріне лақтырып үлгерген. Кейбір бөлшектері оның үйінен табылған. Қылмыс болған түні көршілері ешқандай дауыс естімеген. Бұл аса қатігездікпен жасалған қылмыс. Міндетті түрде барлық сараптамалар тағайындалады. Ол 1-2 күннің ішінде анықталатын мәселе емес. 1-2 айдың ішінде анықталады", – деді Салтанат Әзірбек.

Қылмыс Алатау ауданындағы Нұркент тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде жасалған. Аталған тұрғын үйдегі бейнекамералардан 19 наурыз күні бойжеткеннің күдікті азаматтың пәтеріне өз еркімен кіріп бара жатқаны анықталған. Марқұм аталған азаматпен 16 наурыз күні Badoo қосымшасында танысқан. Тұтқындалған азамат бұрын істі болмаған 1993 жылғы Түркістан облысының тумасы.

"Марқұм қайтыс болар алдында жігітіне "шығып бара жатырмын" деген хабарлама жіберіп қана үлгерген", – деді Салтанат Әзірбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу