Алматыдағы эпидемиялық жағдай күрделене түсуде

1056

Сырқаттанғандардың 38%-ы індетті бұқаралық іс-шараларға қатысу барысында жұқтырған. 

Алматыдағы эпидемиялық жағдай күрделене түсуде

Алматыда эпидемиологиялық ахуал шиеленісе түсуде. Бұл жағымсыз жаңалықты мегаполистің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады. 

Инфекцияны жұқтыру жағдайының көбеюіне байланысты Бекшин алматылықтарға үндеу жолдады. 

Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Алматы қаласында 23-ші  қазандағы жағдай бойынша коронавирус инфекциясының (КВИ) 14607 оқиғасы тіркелген, оның 8762-сі симптомды, 5845-сі симптомсыз.

"Соңғы тәулікте COVID-19-дың 44 жағдайы және анықталмаған пневмонияның 5 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0,3%, жұқтыру коэффициенті – 1,37 құрады. Ағымдағы аптада КВИ ауруының деңгейі бірінші аптаның деңгейінен 9 есе асып түсті. Қаладағы жағдай шиеленісе түсуде және аурушаңдықтың өсіп келе жатқаны байқалуда", – деп атап өтті Жандарбек Бекшин.

Жалпы әлемдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап бара жатқаны белгілі. Мысалы, Ресейде күніне 12 мыңнан астам жағдай тіркеледі, Еуропа мен Америка аймағында да осындай жағдай. АҚШ-та тәулігіне шамамен 60 мың жағдай, Францияда - 30 мың жағдай, Ұлыбританияда – 14 мың жағдай, Испанияда, Германияда және Италияда 5-15 мың жағдай тіркелген.

Жандарбек Бекшин атап өткендей, қалада сырқаттанушылықтың өсу себебі – жаппай  көпшілік шараларды ұйымдастыруда және өткізуде халық тарапынан жалғасып жатқан заң бұзушылықтар –бірінші кезекте үйлену және еске алу шаралары аса қауіпті, өйткені ондай жиындар көп адамның жиналуымен және желдетілуі нашар жабық үй-жайларда өткізіледі.

"Менің той ұйымдастырушыларына айтпағым: Сіз өзіңізге ғана емес, барлық қонақтарға, инфекцияны өзіне жұқтыру арқылы оны отбасыларына тарататын қарт туыстарға да қауіп төндіресіз. Сондай-ақ той немесе еске алу кезінде мониторингтік топтардың талабы бойынша іс-шараны тастап кетуге мәжбүр болған қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдырасыз. Бұл әртүрлі көпшілік іс-шараларға қатысқан науқастардың 38% -на жұқтыруға себеп болды", – деді ол. 

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу