Алматыдағы ереуіл кезінде қару таратқандар ұсталды

2291

Бұл туралы Алматы қалалық полиция Департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыдағы ереуіл кезінде қару таратқандар ұсталды

"Анықталғандай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Олардың жеке басын, басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын міндетті түрде тексеретін боламыз", – деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Әбілбеков.

Айта кетейік, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәт қайғылы оқиғаның куәгерлерінің камерасына түсіп қалған. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жарияланды.

"Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға мәжбүр еткен бір топ адам болды. Сосын біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды, автоматтарымен сілкіп тұрды. Мен ақ түсті "Лексус" көлігін жүргіздім", – деді, №1 күдікті.

"Бұлар противогаз киген, автомат пен пышақпен қаруланған адамдар. Олар бізге қаруды тез алып шығып, оны алып барып беруді бұйырды. Біз оны қорыққандықтан істедік, бұл адамдар бізге қысым көрсетті. Автомат асынған адамдардан қалай қорықпайсың?", – деп атап өтті №2 күдікті.

"Біз қаланы көлікпен араладық, қару-жарақ дүкеніне бардық, ол кезде оны тонап жатты. Біздің көлікке қару тиеп, алаңға алып баруды бұйырды", – деді, №3 күдікті.

Полиция бұл топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Еліміздің Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу