Алматыдағы қай кәсіпорынның қызметкерлеріне арнаулы төлем төленеді?

407

Алматыда зиянды өндіріс саналатын жалпы саны 117 мекеме бар.

Алматыдағы қай кәсіпорынның қызметкерлеріне арнаулы төлем төленеді? Фото: Inbusiness.kz

Олардың басым бөлігі құрылыс, медицина және азаматтық авиация саласында жұмыс істейді. Онда бас-аяғы 990 адамның арнаулы төлем алуға құқығы бар. Арнайы әлеуметтік жәрдемақы кімдерге беріледі? Тағайындаудың қандай міндетті шарттары бар? Төлемдер қай уақыттан бастап төленеді? Көп жылдан бері денсаулыққа қауіпті жұмыста істейтіндерді толғантқан өзгеде сұрақтарға тілшіміз жауап іздеп көрді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жаңа жыл еңбекті қорғау саласында жақсы жаңалықпен басталды. Енді 1-ші қаңтардан бастап денсаулыққа зиянды жұмыс істейтіндерге арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Оны жұмысшы 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін алады. Басты талаптардың бірі 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы болуы керек. Бұл оның кемінде 84 ай бойы зиянды өндірісте тынбай еңбек еткенінің дәлелі болмақ. Демек, еркектер 63, ал әйелдердің 61 жаста зейнетке шығатынын ескерсек, онда ер азаматтар 8 жыл, ал нәзік жандылар қауымы 6 жыл бойы төлем алуға құқығы бар. Жалпы Алматыда адам денсаулығына зиян келтіретін 117 мекеме тіркелген.

"Адам денсаулығына зиянды орындар қатарында радиологтар, рентген түсіретін мамандар, бортсеріктер бар. Яғни, бірінші кезекте кәсіпорындар тізімі жасалды. 60-тан астам мекемемен кездесу өткіздік. Соның ішінде "Алтыналмас", "Алматы электр желілері", "Алматыметроқұрылыс", "Алатау жарық" компаниясы, Алматыда ауыр машина жасайтын зауыт, Алматы халықаралық әуежайы бар. Төлем алуға құқығы бар адамдарға барлығын түсіндіріп жатырмыз", - дейді Алматы қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов.

Айтпақшы, арнаулы әлеуметтік төлем алғандардың жеңілірек жұмысқа ауысуына немесе келісім-шартты бұзуына болады. Ал төлемдер 4 түрлі қаржы көзінен төленбек. Нақтырақ айтсақ, республикалық бюджеттен ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшері, яғни 86 мың теңгеден сәл жоғары. Сосын сақтандыру компаниялары мен жұмыс беруші және зейнетақы қорынан алынады. Осылайша арнаулы төлемнің минималды көлемі шамамен 200 мың теңге болады.

"Тағы айтарым, қазір зиянды жерде жұмыс істемейтін. Бірақ жасы 55-тен асқан, 7 жыл бойы аударымдары бар азаматтар да екі қаржы көзінен төлемақы ала алады. Бұл аударымда зейнет жасына жеткенге дейін төленеді. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы құжаттарды рәсімдеуге болады", - дейді Алматы қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы 2023-ші жылғы Қазақстан халқына жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүргендерге әлеуметтік төлемдер енгізу туралы тапсырма берген еді. Жалпы елімізде статистика бойынша 491 мыңнан аса адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді. Былтыр кәсіптік ауруға шалдыққан 8 мыңнан аса адам тіркелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу