Алматыдағы Қарғалы өзені арнасынан асып жатыр

1437

Алматыдағы Қарғалы өзені арнасынан асып жатыр

Алматыдағы Қарғалы өзені арнасынан асып, жағаға жақын орналасқан зираттарды су басып қалды. Салдарынан көлкіген судан он шақты мазардың топырағы опырылып түскен, деп хабарлайды almaty.tv.

Қарғалы өзенінде қыстай тоң боп қатқан мұз қауіп төндіреді деп күтпесе керек, құтқарушылар оны оюға асықпапты. Бірақ күні кеше сірескен мұз демде еріп, ағын су осылай төмен қарай қатты жылдамдықпен аға жөнелген. Алайда, кесек мұздар өзен арнасына сыймай жан-жағын жайпап үлгеріпті. "Достық" ықшамауданындағы бейіттердің біразы көлкіген су астында қалып, 10 шақтысы айтарлықтай бүлінген.

Бейіт маңындағы көпір астына жиналған кесек мұздар әлі де су ағысына бөгет болып тұр. Мұны көрген тұрғындар қолдарына күрек алып, сірескен мұзды өздері оюға кірісіп кетті. Десе де, жергілікті билік өкілдері апат салдарын жою үшін түнімен тер төккенін жеткізді.

"Бүгінгі күні Қарғалы өзенінен 70 текше метрден астам мұз шығардық. 15 бірлік техника мен 150-ден астам адам жұмылдырылды. Ал бұл жерде тазалық жұмыстарын әлі де жалғастырамыз. Жалпы, өзеннің бүкіл ұзындығы бойынша су деңгейі тұрақты, қажетті шаралар қабылданды", - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дандыбаев.

"Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз" деп сендірген әкімдік өкілдері өзеннің қайта тасымайтынын айтады. Ал зират маңындағы үйілген кесек мұзды жақын күндері сыртқа шығарып, айналаны тазартып беруге уәде етті. Бірақ жергілікті тұрғындардың бұған сенгісі жоқ. Олар табиғат шәлкес мінез танытса, асау өзен тағы да арнасынан асып, қабірлерді жермен-жексен ете ме деп қауіптенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу