Алматыда Бухтарминская көшесі мен Құлжа трактісі қилысындағы жолайрығы бойынша 4 жолақты қозғалысы бар Бухтарминская көшесінің тоннелді бөлігі ашылды. Жоба Бұхтарминская көшесі бойымен автокөліктің өту қабілетін 15% - ға, Құлжа трактісі бойынша 20% - ға арттыруға мүмкіндік береді.
Бухтарминская көшесі учаскесінің жалпы құрылыс ұзындығы 830 м, оның ішінде тоннель бөлігінің ұзындығы – 149.
Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша көлік жүктемесін төмендету, көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында Алматы қаласының солтүстік-шығыс бөлігінің жүктелген көлік тораптарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, 2018 жылы Бухтарминская көшесі мен Құлжа трактісі қиылысында жолайрығын салу жобасы әзірленді, ал 2019 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
"Тоннель ашылғаннан кейін жолайрықтың айналма бөлігіндегі жүктеме азаяды. Бүгінде тоннель бөлігі ашылғанға дейін барлық көліктер айналма арқылы маневр жасады, мұнда жүктеме көбейіп, үлкен кептеліс пайда болды. Сондықтан 2018 жылы осы жолайрығын салу және Құлжа трактісі, Бухтарминская көшесі арқылы өтуді қамтамасыз ету және әуежайға қарай көлік қозғалысын жеңілдету қажеттілігі туралы шешім қабылданды", - деп атап өтті Алматының қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.
Айта кетерлігі, Алматыда бүгінде үш жолайрық салынуда, олар: Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі (аяқталу мерзімі - 2024 жылдың соңы), Саин көшесі - Мөңке би көшесі (Мөнке би көшесі бойынша қозғалыс 2023 жылдың соңына дейін ашылады, нысанның аяқталу мерзімі – 2024 жылдың екінші тоқсаны) және Бухтарминская көшесі - Құлжа трактісі (қозғалыс толығымен ашық, абаттандыру жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады). Олардың барлығы Алматыда көлік ағындарының жүктемесін азайтуға ықпал етеді.