Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабдановтың айтуынша, ұзындығы 18,3 шақырым болатын LRT-ның бірінші желісіндегі құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жобаға шамамен 80 жұмысшы және 50-ден астам арнайы техника тартылған.
Жоба аясында 282 инженерлік желі өткелін көшіру қарастырылған. Қазір оның 90-ы бойынша жұмыстар аяқталған. Қалған инженерлік желілерді көшіруді биыл қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Момышұлы көшесінде жолдың үстіңгі құрылысын салу жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта шамамен 1600 темірбетон шпалы төселіп, 600 метр рельс орнатылған.
Төле би көшесі бойындағы инженерлік желілерді көшіру жұмыстары да қараша айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Ал LRT жобасын толық аяқтау келесі жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Басқарма басшысы болашақта LRT желісін ұзарту жоспарлары бар екенін де айтты. Батыс бағытта желі Төле би көшесі арқылы "Барлық" базарына дейін, ал шығыс бағытта жаңадан салынып жатқан стадионға дейін жеткізіледі.
Қазіргі жобаның бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта орналасатын деподан басталады. Одан әрі желі Мөңке би және Момышұлы көшелерімен Төле би көшесіне, кейін Абылай хан даңғылына жалғасады. Соңғы станция ретінде "Алматы-2" вокзалы маңындағы "Райымбек батыр" көлік-ауысу торабы қарастырылған.