Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрттен кейін зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Аудан әкімдігі зардап шеккен тұрғындар мен қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсету шараларын қолға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта өрттен зардап шеккен баспананың 9 тұрғыны қонақ үйге орналастырылды. Оларға заңгерлік көмек көрсетіліп, жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге жәрдем беріліп жатыр.
Сонымен қатар аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өз мойнына алған.
Оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, тұрғындарға қажетті көмектің көрсетілуін бақылауда ұстап отыр.
"Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасы үшін осындай ауыр кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда", – деп мәлімдеді Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері.
Көмекке мұқтаж тұрғындар мен өзге де мәселелер бойынша Алматы қаласы әкімдігінің тәулік бойы жұмыс істейтін Open Almaty байланыс орталығына 109 нөмірі арқылы хабарласа алады.
Өрттің шығу себебі мен оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Барлық тиісті қызмет жедел режимде жұмыс істеуде.