Тұрғындар уақытша Наурызбай ауданындағы мектеп базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматы қаласының Наурызбай ауданында Ақсай өзені аңғары бойында тұратын тұрғындарды алдын алу мақсатында эвакуациялау жүргізілуде.
"Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, азаматтық қорғау қызметтері жұмылдырылған.
Сондай-ақ 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша "жедел желі" іске қосылған.
Соңғы мәлімет бойынша, 4 өтініш келіп түскен", – делінген хабарламада.
Ведомство барлық шаралар жоспарлы түрде өтіп жатқанын және жағдай толық бақылауда екенін атап өтті. Бұған дейін Наурызбай ауданында сел қаупіне байланысты жергілікті хабарландыру жүйесі қосылған болатын.
Алматы қаласы ТЖД, бақылау және құлақтандыру қызметі, сондай-ақ ТЖМ "Қазселденқорғау" мекемесінің авариялық-механикаландырылған бригадасы мен азаматтық қорғау қызметтері толық әзірлікте болып, гидрологиялық жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.
Жағдай толық тұрақтанып, қауіп толық жойылғаннан кейін тұрғындар үйлеріне қайта орала алады. Бұл туралы халыққа қосымша ақпарат беріледі.