Алматыдағы театрда 800 млн теңгеге сатып алған сахналық киім бір-ақ рет киілген – Ринат Зайытов

399

Депутат әр театрдың өз киім цехы болуы керек деп есептейді. 

Алматыдағы театрда 800 млн теңгеге сатып алған сахналық киім бір-ақ рет киілген – Ринат Зайытов Фото: azattyq-ruhy.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов театрларды қаржыландыруда кездесетін мәселелерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжілісте театр өнерінің қазіргі жағдайы туралы комитеттің отырысы өтті.

Депутат Ринат Зайытовтың сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан театрлары көптеген қиындықтарға тап болып отыр.

"Театрлардың дұрыс жұмыс істеп, дамуы үшін қаржыландыру өте маңызды. Бізде Мәдениет министрлігінің бұйрығы бар. Оған сәйкес, театрдағы бір қойылым 4 млн теңге мен 12 млн теңгенің арасында болу керек. Мемлекеттік сатып алудың шарттарымен есептеп келгенде бұл бір қойылымды қоюға жеткіліксіз, сондай-ақ кедергілер тудырады. Қарапайым тілмен айтқанда, мысалы, бір спектакль бір ай бұрын мемлекеттік сатып алуда дайындалады. Спектакль қойылымы деген шығармашылық жұмыс. Қойылымға үш күн қалғанда режиссердың фантазиясына сай қосымша кейіпкер, қосымша декорация қосылуы да мүмкін. Қазір театрларға бұл мәселені шешу мүмкін емес болып тұр. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер", – деді ол.

Мәжілісмен театрларды қаржыландырудың тағы бір қиыншылығын айтты.

"Көптеген театрда жиһаз сатып алуға мүмкіндік жоқ. Киім цехтары жоқ.Оны да қарастыру керек. Бір мысал айтайын, 2020 жылы Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театрына 800 млн теңгедей қаржыға 40 шақты киім сатып алынған. Бірақ олар бір-ақ концертке киілгенде сол күйі қалып қойған. Өйткені сапасы сай емес, әртістер киюге ыңғайсыз деді, сонымен ол киім қалды. Егер әр театрда өзінің киім цехы болмаса, ол спектальдің өтуіне сай киім тіктіру мүмкін еместің қасы. Бұл тікелей қойылымның сапасына және оның әрі қарайғы көрерменге кең таралуына әсер ететін фактор",  деді Ринат Зайытов.

Көптеген театрларда қаржы бөлу әділетсіздігі байқалады, деді депутат.

"Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры бір қойылымға ары кетсе 10 млн теңге деп алайық, ал Астана балет театрындағы "От қыз" деген балетіне республикалық бюджеттен 309 млн теңге бөлінген. Тағы бір мысал айтайын. Абай атындағы опера және балет театрында демеушісінің айтуына қарағанда "Хан Сұлтан. Алтын орда" операсына 736 млн теңге бөлдік деп көрсетіп отыр. Бұл қандай әділеттілік болуы мүмкін? Көптеген театрларда қор бар дейді. Ол жерде де қаржының ашықтығы ешқандай қамтамасыз етілмеген",  деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу