Алматының ең ірі демалыс аймақтарының бірі – Тұңғыш Президент саябағы келесі жылы қайта жаңғыртудан өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бүгінде саябақ аумағын жаңарту бойынша мастер-жоспар мен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр. Жоба аясында фонтан кешені мен кіреберіс аркасы, сондай-ақ оларға тиесілі техникалық үй-жайлар күрделі жөндеуден өтетіні белгілі болды.
– Жаңа мастер-жоспарда заманауи тәсілдер мен сәулеттік-жоспарлау шешімдері қолданылады. Жоба кешенді форматта жүзеге асырылады – әуелі жобалық құжаттама дайындалып, кейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі, – делінген әкімдіктің ресми жауабында.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қайта жаңарту жұмыстары демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады.
– Барлық жұмыс аяқталған соң фонтан кешені өз жұмысын жалғастыра береді, – деп нақтылады әкімдік.
Тұңғыш Президент саябағы – Алматының ең танымал және кең ауқымды демалыс аймақтарының бірі. 2010 жылы ашылған саябақ Бостандық ауданында, әл-Фараби даңғылы мен Навои көшесінің қиылысында орналасқан.
Саябақтың жалпы аумағы – шамамен 73 гектар. Мұнда фонтан кешені, сәндік гүлзарлар, серуен жолдары, спорт және балалар алаңдары орналасқан. Кешеннің басты сәулеттік элементі – доға пішініндегі кіреберіс арка мен одан ашылатын қаланың кең панорамасы.