Алматыда көпқабатты үйдің кіреберісінен жаңа туған нәресте табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция департаментінің мәліметінше, Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары жаңа туған қыз баланы тауып алған. Сәби екінші қабаттағы кіреберісте қараусыз қалған жерінен анықталды.
"Түрксіб ауданының полиция басқармасы аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген Алматы полиция департаменті таратқан хабарламада.
Денсаулық сақтау басқармасы аурухағана жеткізілген сәбидің жағдайы ауыр болғанын хабарлады. Жансақтау бөлімінде жатқан нәресте өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оған барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.