Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Алматыдағы жаңа әуежай терминалының құрылысына 200 млн доллар жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қазіргі таңда 4 жоба жүзеге асырылуда. Алматы әуежайында 200 млн доллардан астам сомаға жаңа халықаралық терминалдың құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылдың жазында іске қосылады деп күтілуде. Жалпы орындалған жұмыс көлемі 60%-ды құрайды", – деді Талғат Ластаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол жеке инвестиция есебінен Шымкент және Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы жалғасып жатқанын айтты. Сондай-ақ, үкімет резерві есебінен Қостанай әуежайын телескопиялық баспалдақ орнату және ұшып келу залын салу арқылы реконструкциялау жоспарлануда.
"Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын және такси жолын, Балқаш әуежайының перронын қайта жаңарту мәселесі пысықталуда", - деп қосты Ластаев.
Еске сала кетсек, Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов қазақстандық әуе компанияларды сынға алды.
Бұған дейін Алматы әуежайының жаңа жолаушылар терминалының жобасы мен эскиздері жарияланған болатын.