Румыниялық әнші Inna Қазақстанның ірі қалаларындағы өтетін концерттерін наурыздың алғашқы күндерінен сәуірдің соңына ауыстырды. Мұндай шешімге Алматыда болған жер сілкінісі себеп болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әншінің өнер көрсетуі 8 және 9 наурызда Алматыда және Астанада өтеді деп жоспарланған болатын. Енді концерттер Алматыда 29 сәуірге және Астанада 30 сәуірге ауыстырылды.
"Өкінішке қарай, жақында Алматыда болған жер сілкінісіне байланысты промоутерлер концерттерді кейінірек уақытқа ауыстыру қауіпсіз болады деп шешім қабылдады. Ертең бірге отыра көңіл көтере алмайтынымызға өкінемін, бірақ қауіпсіздік бірінші орында", – деп жазды әнші.
Айта кетейік, 4 наурызда түскі уақытта Алматыда күші бес балдық жер асты дүмпулері сезілді. Жер сілкінісінің ошағы қаладан 31 шақырым жерде болған. Төтенше мәлімет бойынша, 156 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар зардап шегіп, бір адам ауыр жарақат алғаны белгілі болды.