Алматыдан 28 шақырым жерде АН-28 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы бес адам да қаза тапты. Ұшақ "Eastwing" әуе компаниясына тиесілі деп хабарлайды еліміздің Азаматтық авиация комитетінің өкілдері. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Санитарлық рейс Алматыдан Шымкентке қарай ұшып шыққан. Бортпен байланыс сағат 18:47-де үзілген.
Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов ұшақ Алматы әуежайынан 28 шақырым қашықтықта құлағанын растады. Азаматтық авиация комитеті қайтыс болған екі азаматтың аты-жөнін хабарлады. Олар әуе кемесінің командирі – қырғыз азаматы Цой және екінші пилот – қазақстандық Кутафин. Борттағы 2 адам медицина қызметкерлері болған.
"Алматы әуежайынан 28 шақырым қашықтықта Междуречинск ауылына жақын жерде ұшақ құлаған болатын. Қазіргі уақытта өртке қарсы қызметтің күштері сөндіру жұмыстарын жүргізуде. Ұшақтың құлауы салдарынан алдын ала мәліметке сәйкес бес адам қаза болды", - деді ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Жалпы АН-28 жеңіл ұшағы түрлі мақсатқа арналған. Алғаш рет бұл ұшақ 1973 жылы әуеге көтеріліп, сынақтан өткен. Қазіргі уақытта қысқа қашықтықтағы әуе тасымалына пайдаланылады. Жалпы 1750 келіге дейінгі салмақты көтеріп, ұша алады. Ұшақтың қанаттары – 22, ал ұзындығы – 13 метр. Сағатына 350 шақырым жылдамдықпен самғайды. АН-28 ұшағының экипажы 2 адамдық, жалпы бортына 18 жолаушы сыяды. Алматы облысында құлаған ұшақ 1990 жылы Польшада шыққан.