Алматы қаласы білім мекемелерінің оқушыларына, соның ішінде, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға арналған тақырыптық-экскурсия өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасынан.
3 күндік бағдарлама барысында балалар Астана қаласының көрнекті жерлерін аралап, басты орданың тарихын тани түспек.
Жалпы бұл шараның мақсаты – ішкі туризмді, балалар мен жасөспірімдер туризмін және өлкетанушылық пен экскурсия қызметін дамыта отырып, болашақтың тұтқасын ұстар бүгінгі бүлдіршіндердің жүрегіне отаншылдық, ұлтшылдық дәнін егу.
Экскурсияның алғашқы күнінде алматылық оқушылар мемлекеттік маңызы бар нысандарды аралады, олардың тарихымен танысты. Бүгін балалар миллиондарға хабар таратып отырған "Қазмедиа орталығы" ғимаратына, ҚР Алғашқы Президентінің кітапханасы мен қорына, ҚР Ұлттық мұражайына, Астана қаласының Орталық паркіне барады. Ал ертең 2017 жылы ЭКСПО кешенін аралайды.