Алматыға келіп, видеода бейәдеп сөз айтқан Ресей азаматшасы 10 тәулікке қамалды

1203

Әкімшілік іс қозғалды.  

Алматыға келіп, видеода бейәдеп сөз айтқан Ресей азаматшасы 10 тәулікке қамалды Фото: Видеодан скриншот

Алматыға келген Ресей азаматшасы Қазақстанның банк жүйесіне қатысты желідегі мәлімдемесінде бейәдеп сөздерге жол берген. Полиция шетелдікті әкімшілік жауапқа тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Threads желісінде жарияланған видеода Ресей азаматшасы Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірінсіз банк картасын жылдам аша алмағанына шағымданған. Ол құжат жинап жүргеніне екінші күн екенін айтқан. Әйел бейнежазбада бейәдеп сөздерді қолданып, дөрекі пікір айтқан. 

"Өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезініп тұрмын", – дейді ресейлік видеода.

Тиісті мәлімдеме желі қолданушыларының назарын аудартып, өзге ұлт өкілдеріне деген құрметсіздік әрі кемсітушілік ретінде қабылданды.

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жайтқа қатысты түсінік берді.

"Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасымен тексеру жүргізілді. Тексеру барысында шетелдік азаматшаның қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарын бұзғаны анықталды. Мұндай әрекеттер құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды және құқық бұзушының мәртебесіне немесе жеке басына қарамастан міндетті түрде құқықтық баға беріледі. Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды", – делінген ресми жауапта.

Полиция қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық орындарда дөрекі мінез-құлыққа жол бермеу барша азаматтар үшін міндетті талап екенін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу