Алматыға төтенше жағдай кезінде тұруға болатын 48 құрастырмалы үй жеткізілді

1056

Бұл уақытша баспана үш жылға дейін жарамды. Суыққа және 50 градусқа дейінгі ыстыққа төзімді. Секундына 10 метрлік боранға да шыдас береді. 

Алматыға төтенше жағдай кезінде тұруға болатын 48 құрастырмалы үй жеткізілді

Қазақстан Қызыл жарты айы ұйымының көмек қоры төтенше жағдай кезінде пайдалануға арналған құрастырылмалы 48 үймен толықты, деп хабарлайды 24.kz.

Алматыда Біріккен ұлттар ұйымының тартуы таныстырылып, екіжақты келісімге қол қойылды.

Алматыға алғаш әкелінген құрастырылмалы үйлер табиғаттың тосын мінезіне төзімді. Сарапшылардың айтуынша, берік материалдардан жасалған бұл үйлер әлемнің көптеген елдерінде пайдаланылады. Негізінен Таяу шығыс, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қамтылған.

"Бұл үйлер төтенше жағдай кезінде өз көмегін тигізеді, деп үміттенемін. Зардап шеккен тұрғындарды орналастыруға өте тиімді. Біріккен ұлттар ұйымы Қызыл жарты ай қоғамымен әріптестік байланысты жоғары бағалайды", – дейді БҰҰ босқындар мәселесі бойынша кеңесшісі Урара Фурукава.

Бұл үйдің басты артықшылығы, жылдам жиналып, құрастырылады. 17 шаршы метрлік бір үйді бес сағатта құрастыруға болады. Бұзу үшін бір сағат жеткілікті. Арнайы үйретілген мамандар төтенше жағдай кезінде жылдам баспанамен қамтуға дайын. Бұл уақытша баспана үш жылға дейін жарамды.

"Бұл үйлер суыққа және 50 градусқа дейінгі ыстыққа төзімді. Секундына 10 метрлік боранға да шыдас береді. Қыста арнайы жабындымен қапталады. Күн сәулесінен қуат алатын үйде тұрақты электр қуаты бар", – дейді  Қазақстан Қызыл жарты айы ұйымының бөлім басшысы Аслан Түсіпжанов.

Айта кетейік, Қызыл жарты ай ұйымы еліміздің төтенше жағдай қызметімен тығыз байланыста. Кез келген уақытта зардап шеккендерді баспанамен және әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге дайын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу