Алматы қаласының 24 медцицналық ұйымы жалған науқастарды "емдеу" арқылы 5,1 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев осындай мәлімет берді.
"Бүгінде дәрігер қабылдауында болмаған адамды "болды" деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті болып тұрғаны рас. Әсіресе, бұл мәселе әлеуметтік желілерде жиі қозғалып жүр. Жарты жылда филиал мамандары ақпараттық жүйеде "пациенттерге көрсетілді" деп жазылған 5,1 млн теңгеден астам 240 қызметтің шын мәнінде көрсетілмегенін анықтады. Емханалық-амбулаторлық көмекке жүргізілген мониторинг кезінде анықталған кемшіліктер қаладағы 24 медицина ұйымына тиесілі. Дегенмен, өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есе кемігені байқалады", – дейді ол.
Есжан Ботақара