Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, украиналық Антонина Лавриненко Алматыға немересіне қонаққа келген.
Түнде әжей өз бөлмесінде құлап, оң жақ сан сүйегінің жабық ұршықастар сынығы ауыр жарақатын алған. Мұндай жағдайда шұғыл хирургиялық араласу қажет. Бұл жағдайда травматологтар сан сүйегі бөліктерін ішкі бекіту арқылы қайта орналастырады, әйтпесе, пациент қозғала алмай қалуы мүмкін.
92 жастағы әжей шетелдік болған соң, немересі көмек іздеп бірнеше жеке клиникаға барған. Жасы мен ота кезінде асқыну қаупіне байланысты ота жасауға әжейді ешкім қабылдмаған.
"Әжем құлаған соң оны қалалық травматологиялық орталықтың біріне апарып, алғашқы медициналық көмек алдық. Әжемнің жасына байланысты оған ота жасау ұсынылмады.. Бұл ретте барлығы әжеме ота жасауға кеңес берді, бірақ оның жасына байланысты бірде-бір жеке клиника оны қабылдамады. Біз №4 қалалық клиникалық ауруханаға хабарластық. Аурухананың дәрігерлері мен медбикелерінен құралған бригаданың қатаң бақылауымен бүкіл тарихымызды зерттеп, тексеріс, сынақтардан кейін әжемді емдеуге алды. Гамма өзекті пайдаланып, оң жақ сан сүйегі бөліктерінің жабық репозициясы отасы жасалды. Отадан кейін бір аптадан соң әжеміз арнайы жүріс арбасымен жүре алды. Қабылдау бөлімінің меңгерушісі Хайроев Магадин Микайловичке және №4 қалалық клиникалық аурухананың ұжымына кәсіби шеберлігі үшін көп рахмет. Бір жарым ай өткен соң, бүгін бізде бақылау тексеру болды. Әжем қазір таяқпен жүре алады. Мың алғыс", - дейді немересі Тимур.
№4 қалалық клиникалық ауруханаға 1932 жылы туған науқас оң жақ жамбас буыны аймағындағы ауру сезіміне және оң аяқтың тірек функциясының бұзылуына шағымданып түскен. Науқас жарақатты бір күн бұрын оң жақ жамбас буынына құлап алған.
Диагнозы: сүйек бөліктерінің ығысуымен оң жақ сан сүйегінің жабық ұршықастар сынуы. Науқас бірден ортопедиялық хирургия бөліміне хирургиялық емдеуге жатқызылды.
"Науқас ауруханаға жатқан күні біз оған шұғыл жамбас сүйегі бөліктерінің жабық репозициясын құлыптаушы интрамедуллярлық имплантпен ішкі бекіту отасын жасадық. Ота 1,5 сағатқа созылды. Хаттамаға сәйкес, науқас аурухана жағдайында аяғына тұрғызылды, ол жүріс арбасы көмегімен қозғала бастады. Бір аптадан соң жағдайы жақсарып, әжей амбулаторлық емделуге үйге шығарылды", - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі травматолог-ортопед Магадин Хайроев.
Отаны қабылдау бөлімінің меңгерушісі М.Хайроев, ассистент травматолог-ортопед Н.Кисаков, анестезиолог-реаниматолог А.Бижанов, оталық медбике Р.Әубәкірова жасады.