Алматылық хирургтар туа салып өздері күрделі ота жасаған сәбидің тұсауын кесті

593

Ерсайын өмірінің екінші күні Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығындағы хирургтардың қолына түскен.

Алматылық хирургтар туа салып өздері күрделі ота жасаған сәбидің тұсауын кесті

Бала – асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақауы, трахеоөңештік жыланкөз деген диагнозбен туған. Мұндай патологиямен нәресте тамақ іше алмаған. Сондықтан нәресте туғаннан кейінгі екінші күні перзентханадан балалар хирургиясына ауыстырылған, деп жазды inbusiness.kz.

"Сол күні баланы отаға дайындадық, оған біздің орталыққа тиесілі жаңа технология бойынша ота – торакоскопиялық әдіспен өңештің тікелей анастомозы жасалды. 10 күннің ішінде бала біздің стационарда емделіп, үйге шығарылды. Біздің клиникада 1 жасқа дейін бақылауда болды. Қазір бала бір жас екі айда. Бүгін оның әжесі, атасы мен ата-анасы ұлттық дәстүр – тұсау кесуді маған тапсырды. Олар баласының болашақта дәрігер болғанын, басқалардың өмірін сақтағанын қалайды. Бұл дәстүрді тек таңдаулы адамға ғана сеніп тапсырады. Баланың болашақ тағдыры мен өміріне қатысты болуға қуаныштымыз. Жыл сайын осындай 5-6 балаға рәсім жасаймыз", – дейді балалар хирургі, қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.

Хирургтер атап өткендей, мұндай ота Алматы Балалар жедел медициналық жәрдем көрсету орталығында 2013 жылдан бері жасалып келеді. Тоғыз жыл ішінде 60-қа жуық жаңа туған нәрестеге ота жасалды. Өткен жылдың өзінде неонатальды хирургтар 10 сәбиді аман алып қалды. Дәрігерлердің тәжірибесі мен біліктілігі оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде аурухана Алматы қаласының тұрғындарына, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінен келген балаларға көмек көрсетуге дайын.

Құралай Құдайберген

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу