Биыл Алматыдағы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардан түскен 15,1 мыңнан астам өтінішті қарап, тұтынушыларға қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы 721,7 млн теңгеден асты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ең жиі кездесетін заң бұзу тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, тұтынушылардың шағымына уақытылы жауап бермеу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырып жіберу екен.
Өтініштердің негізгі бөлігі бөлшек және электронды сауда саласына тиесілі. Білім беру, медициналық қызметтер мен көпшілік тамақтанатын салалардан көбіне тауарлар мен қызметтердің сапасы туралы тұтынушыларды жаңылыстыруға байланысты өтініш түседі.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға қалыптастыруына бақылау жүргізуге ерекше көңіл бөлініп отыр.
– 2025 жылы қалада делдалдықты тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның 24 отырысы өткізілді. Нәтижесінде 523 құқық бұзу анықталып, жойылды, 485 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұлар халық үшін өнімнің түпкілікті құнын төмендетуге мүмкіндік берді, – деді Нұрлан Әбдиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.