Алматы облысындағы Ават ауылының маңында ерекше егін жинау мерекесі өтті. "Агрокраудсорсинг" жобасы аясында қала зейнеткерлеріне өзінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге және сатуға мүмкіндік туды.
"Зейнеткерлер, көпбалалы аналар және аз қамтылған отбасыларға еңбекке қабілеттілігіне қарай дақылдарды өсіруге арналған жер телімдері берілді. Осы жылдың басынан бастап белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жобасына қатысушылар үшін аталған жер телімдеріне дейін көлік ұйымдастырды", – деді "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы" КММ директоры Сәуле Бекетаева.
Қажырлы еңбегі мен мол өнімі үшін ең белсенді жандарға жүлделер мен құрмет грамоталары табысталды. Алматылық зейнеткерлер жер телімдерінен 20 тонна өнім жинады.
Айта кетерлігі, "Агрокраудсорсинг" жобасы 2019 жылы пилоттық режимде іске қосылды. 2021 жылы зейнеткерлерге 6 сотықтан 50 жер телімі жалға берілді. Биыл жобаға 70 адам қатысты. Мақсат – қарттардың еңбек белсенділігі мен материалдық жағдайын жақсарту.