Алматылықтар Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялады

2517

Бірнеше сағаттың ішінде құжатқа 10 мыңнан астам адам қол қойды.

Алматылықтар Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялады

Алматы тұрғындары Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Бірнеше сағаттың ішінде құжатқа 10 мыңнан астам адам қол қойды. Петиция Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағытталған. 

"Бақытжан Сағынтаев өміріндегі ең маңызды сынақтан өте алмады. Ең қиын күндері қала тұрғындарына моральдық жағынан да, физикалық жағынан да қолдау көрсетпеді", – деп жазылған петиция мәтінінде. 

"Ол тіпті қарапайым эфирге шығып, алматылықтарға үндеу айтпады. Қолдау көрсетпеді. Біз әкімді 8 қаңтарға дейін көпшілік алдынан көрмедік. Қала әкімінің қазіргі әрекеті мен бұған дейінгі әрекетсіздігі қынжылтады. Сағынтаев мырза, тұрғындардың қоғамдық кеңестегі белсенділігіне, сондай-ақ қала үшін басты құндылық – балалар мен жақындарымыздың қауіпсіздігін алға қоймағанына қарамастан, өзінің күн тәртібі бойынша жұмысын жалғастыруда. Әкім мырза ең қиын сәттерде басшы ретінде өзінің дәрменсіздігін көрсетті деп ойлаймыз. Пандемия кезінде де, террористік шабуылдар кезінде де солай болды", – деп толықтырылған петицияда.

Белсенділер Қасым-Жомарт Тоқаевтан Алматыға жаңа әкім сайлауды сұрады. 

"Алматы әкімі лауазымына ашық сайлау өткізетін уақыт келді деп есептейміз. Егер бұл мүмкін емес деп санасаңыз, онда сізден туған қаласының мұқтажын жақсы білетін және оңтүстік астана тұрғындарының қолдауына ие болған нағыз алматылықты қала әкімі лауазымына тағайындауыңызды сұраймыз", – деп жазылған өтініште.

Еске сала кетсек, Бақытжан Сағынтаев Алматыны 2019 жылдың маусым айынан бері басқарып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу