Алматы полициясы қоғамдық орындарда түкіргендер жазаланатынын тағы да еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл әрекет ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабымен квалификацияланады.
"Ұсақ бұзақылықпен ұштасқан санитарлық нормаларды бұзу – осы құқық бұзушылықтарды жасаған жекелеген азаматтардың қоғамдық орындарда тәрбиесі мен мәдениетінің төмендігі саналады. Заң бұзушылыққа жол берген адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал Алматы Қазақстанның қаржы-экономикалық және мәдени орталығы ретінде тек азаматтардың көмегімен өз мәртебесін, жақсы имиджін сақтап қалуы керек", – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзабаев.
Жыл басынан бері "102" қосымшасы арқылы азаматтар 10 мыңға жуық хабарлама жолдаған.
"Ең жиі кездесетіні – адамдардың қоғамдық орындарда түкіруі. Алматыда полицейлер 11-15 қыркүйек аралығында қоғамдық орындарды ластаудың 257 дерегін анықтаса, оның 71-і – көшеге түкіргендер. Айыппұл сомасы 433 мың теңгені құрады", – деді Ұзабаев.