Алматылықтар шет елде ем алу үшін жылына 500 млн доллардай қаражат жұмсайды. Бұл туралы қазақстандық-венгриялық бизнес-форумда Алматы әкімі Бауыржан Байбек айтты.
"Денсаулық сақтау - үлкен сала, өйткені алматылықтар шет елде ем алуға жылына 500 млн доллар жұмсайды", - деді Бауыржан Байбек.
Қала басшысы Алматыда 50 шипажай, үлкен клиникалық-ауруханалық әлеует бар екенін айтып, мажарстандық кәсіпкерлердің назарын осы салаға аударуға шақырды.
Сонымен қатар, әкім медициналық туризмді дамытуға көңіл бөлінгелі отырғанын айтты.
"Бізге шет елден ота жасатуға келетіндер жетерлік. Себебі, бізде АҚШ-тан арзан", - деді қала басшысы.
Өз сөзінде Бауыржан Байбек мажар кәсіпкерлерін Алматыға келіп, кәсіп ашуға шақырып, атқарушы билік тарапынан барлық жағдай жасалатынын айтты.
Оның айтуынша, қала билігі шаһарды Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, транспорт, қауіпсіздік саласында инновациялық, "ақылды қала" жасауға ынталы екенін, сонымен қатар, электр қуатын үнемдеу технологиясына көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.
ҚазАқпарат