Алматылықтар шет тілін тегін үйренетін болды. Оқу сабақтары саябақта ашық аспан астында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Тілдер Саябағы - Парк Языков - Language Park" тілдер курсында кез-келген адам ағылшын мен қазақ тілін үйренетін болады. Сабақ аптасына үш рет өтеді.
Білім аламын деушілерге Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік шет тілдері және халықаралық қатынастар университетінің 5 түлегі тәлім бермек.
"Бірінші сабақта шәкірттердің білім деңгейіне қарай топқа бөліп, "Elementary", "Beginner" топтарымен жұмыс жасаймыз. Курс біткен соң барлық қатысушыларға арнайы сертификат беріледі", - деді Әйгерім Шәкім.
Бір айта кетерлігі, сабақтар ашық аспан астында жасыл желек үстінде өтеді. Келемін деушілерге есік ашық. Кейбір азаматтар өзінің отбасын түгел алып келген.
"Мен неміс тілінің маманымын. Бірақ мемлекетте үш тілді дамыту саясаты жүріп жатқасын, тым болмаса бастауыш ағылшын білімім болсын деген оймен келдім. Өзіммен бірге 5 баламды алып келдім", - деді тіл үйренуші Гүлмира Дайрабаева.