Алматылықтардың шағымынан кейін шаһар әкімдігі жолдарды жөндеу мәселесіне қатысты түсініктеме берді

Мегаполистің 15 көшесіне құрамында полимері бар жаңа асфальт төселуде.  

Алматылықтардың шағымынан кейін шаһар әкімдігі жолдарды жөндеу мәселесіне қатысты түсініктеме берді Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімдігінің өкілдері 2023 жылдың 10 шілдесінде баспасөз турын өткізіп, жолға қатысты мәселелерге түсініктеме берді. 
 
Алматының қалалық мобильділік басқармасының (ҚМБ) басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, жол құрылысында 15 магистральды көше бар, олардың жалпы ұзындығы 44 км:әл-Фараби, Тілендиев, Байзақов, Абай, Тұрғыт Өзал, Саин, Төле би, Шаляпин, Манас, Қалдаяқов, Құрманғазы, Жұмалиев, Шағабутдинов, Досмұхамедов, Түркебаев. 

Бұларды жөндеу барысында асфальт құрамына полимер пайдаланылды.Ол өте берік, битумды жууға төзімді, сонымен қатар жол төсемінің қызмет ету мерзімін ұзартады, құрамында полимер бар асфальт қыста өте төзімді.

Полимерасфальтбетон 150-160оС температурада төселеді. Оны қолданудың бір ерекшелігі бар- полимердің тиісті қаттылығын, беріктігін қалыптастыру үшін орта есеппен 36 сағат қажет. Сонда оның төзімділігі артады әрі жол қозғалысы болмауы тиіс. Қазір  орташа жөндеу жүріп жатқан көшелерде көлік қозғалысының толығымен жабылуы сондықтан.

"Бұл полимерлі жол кәдімгі қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонға қарағанда 10 есе төзімді. Биыл біз қала бойынша алғаш рет полимерлі асфальтбетон төсеп жатырмыз. Нормативтік талаптарға сәйкес, асфальтбетон 40С дейін салқындаған жағдайда ғана қозғалысты бастауға болады. Осы кезде асфальтбетон жабынының қаңқасы қалыптасады, ол өзінің беріктігін арттырады, содан кейін жол тегіс болады. Сондықтан тұрғындардан жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұраймын: егер біз сапалы жолдармен жүріп, оларды пайдаланғымыз келсе, онда осы нормативтік талаптардың барлығы сақталуы тиіс", – деп түсіндірді Сағындық Телібаев.

Бұл магистральдық көшелер бұған дейін 2008 – 2015 аралығында жөнделген еді. Мәселен, әл-Фараби даңғылындағы жол жабынын жөндеу тек 2010 жылы жүргізілді. Жалпыхалықтық регламентке сәйкес, Алматы қаласының жол-климаттық аймағын ескере отырып, орташа жөндеудің қызмет ету мерзімі 5 жылды құрайды. Полимерді қолданудың арқасында, сарапшылардың пікірінше, қызмет ету мерзімі 8-10 жылға дейін ұзарады.

Сағындық Телібаевтың айтуынша, 2023 жылы әкімдік ұзындығы 200 км-ден асатын 230 көшені орташа жөндеуді жоспарлауда. Биылғы жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесін былтырғы 86%-дан 89%-ға дейін, ал 2025 жылға қарай 95%-ға дейін көтеру жоспарлануда.
Алматыда барлығы 2746 көше бар, көше-жол желісінің ұзындығы 3097 км.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу