Алматыны дамытуға 2023 жылы 1,2 трлн теңге бөлінеді

567

Бұл биылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға көп. 

Алматыны дамытуға 2023 жылы 1,2 трлн теңге бөлінеді Фото: Biletik.aero

Сағынтаевтың тұсында мегополисті дамытуға биылға 1 трлн 40 млрд теңге бөлінген екен. Қаңтар оқиғасынан кейін Досаев келіп, тағы 50 млрд теңге қосымша бөлдірген.

Бизнестің алтын бесігі  Алматы донор қала ретінде ел қазынасының бестен бірін құйып, өз-өзін де асырап отыр. 

Келесі жылға бөлінетін ақшаның шамамен 90 пайызы жергілікті түсімдерден құралады. Келесі жылы бюджеттің  62 пайызы қала шығындарына, 18 пайызы даму жобаларына, қалғаны міндеттемелерге жұмсалмақшы. 

Қала халқы өскен сайын, шет аудандарға инфрақұрылым тарту  ауызсу жеткізу, жол салу, қоғамдық көлік қосу бірінші кезектегі мәселе. 

"Қаланың шет аудандарын, агломерация мәселесін үнемі талқылаймыз. Біз 22 маршрутты қаржыландырамыз. 50 млрд субсидияның 9 млрд теңгесін жұмсап қойдық. Келесі жылы 10 маршурт ашу жоспарда бар. Ол үшін 7 млрд қарастырылған. Шет аудандардағы халықтың шағымына жауап беру үшін бізге қосымша 30 маршрут керек. Ал, ауызсу мәселесін шешу үшін Қарағайлы өзінде бөгет жасау үшін келесі жылы 700 млн теңге бөлінді. Жұмыстың 90 пайызы бітті. Келесі жылы толығымен аяқтаймыз", деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Екінші кезектегі мәселе  өндіріске көңіл бөлінбек. Ол үшін индустриалды аймақты 189 гектарға кеңейту жоспарланған. 

Сондай-ақ, 7 өндірістік парк ашылады. Ал, ШОБ-ке қаржылай қолдау көрсету үшін 2023 жылға қала бюджетінен 10,6 млрд теңге бөлінеді. Осы ретте, қала әкімі трансферттер биылғыдай кешеуілдемейді деп уәде берді. 

Әкімнің резервін толтыруға 22,5  млрд теңге бөлінген.  Форбстың 2014 жылғы бай адамдар тізіміне енген әкімге сонша ақша не үшін керек деген сұрақ туындаған. Кейін бұл резервтің Мегополисте болуы ықтимал тосын апаттарға, төтенше жағдайларға бөлінетінін анықтадық. Қорыта айтқанда, 1,2 трлн теңге Алматының жайлы, жасыл, ақылды, қауіпсіз қалаға айналуына жұмсалады екен. 

Жәния Әбдібек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу