Биыл "Алматыны дамытудың 50 драйвер-жобасы" атты бағдарлама аясында 193,2 млн теңгеге 360 орындық психоневрологиялық интернат салынады. Сонымен қатар ғимараттарды қайта жөндеуден өткізіп, сейсмологиялық беріктігін арттыру үшін 1,1 млрд теңге жұмсалады. Бұл ретте Алматы көшелері мен саябақтарын абаттандыру мәселесі де назарда болады. Бұл үшін 6,7 млрд теңге қарастырылған.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала көркін арттыру үшін тұруға жарамсыз үйлерді сүруге 18 млрд теңге бөлінетінін айтты. Соған сәйкес жыл соңына дейін 10,3 мың шаршы метр, яғни 19 ескі нысан сүріледі.
"Қазіргі кезде тұруға жарамсыз үйлерді сүру жұмыстарына жергілікті немесе республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Алайда оған жеке инвесторларды тарту бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Ал бастысы бұл нысандардың орнына 1,8 млн шаршы метр жаңа үйлер салу жоспарлануда", – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда 2018-2030 жылдары тұрғын үйлерді кешенді қалпына келтіру бағдарламасы қабылданған. Аталмыш жоба аясында тұруға жарамсыз 948 нысан сүріледі. Яғни кезең кезеңмен 2018-2020 жылдары – 267 үй, 2021-2025 жылдары – 284 үй, 2026-2030 жылдары – 397 үй бұзылады.
Құралай Құдайберген