Шаһарды залалсыздандыру жұмыстары арнайы кесте бойынша жүргізілуде. Мәселен 21 мамырдағы жағдай бойынша мегаполисте 7877 үй кіре берісі мен 1318 аула аумағы толық тазартылды. Әкімдіктің хабарлауынша оған 450 адамнан құралған 64 топ жұмылдырылған.
"20 мамыр күні 4436 мың шаршы метр көше, оның ішінде 650 сауда нысандарының, 28 медициналық мекемелердің, 2 қызмет көрсету нысанының кіре берістері, іргелес жатқан аумақтары, 629 мың шаршы метр тротуар және 1237 басқа да нысан дезинфекцияланды. Аталған жұмысқа барлығы 85 дезинфектор тартылды. Осылайша залалсыздандыру жұмыстарының 16 кезеңі аяқталды", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ал көшелер мен тротуарлар, сауда нысандары, медициналық мекемелер, қызмет көрсету нысандарын жуу және дезинфекциялау үшін 152 бірлік арнайы техника мен 1069 жол жұмысшысы тартылған. Оған 520 мың литр ерітінді жұмсалды. Ал жалпы тазарту жұмыстары басталған уақыттан бастап 19 614 мың литр ерітінді пайдаланылған. Тек бір тәулік ішінде Алматыдан 1270 тонна қоқыс шығарылды.
Құралай Құдайберген