Осы уақытқа дейін Алматыны залалсыздандыру жұмыстарына 600 мың литр сұйықтық жұмсалды, деп мәлімдеді Алматы қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Ержан Сейтенов.
"Алматыда аулалар мен кіреберістер үш реттен залалсыздандырылды. Күніне бұл мақсатта 60 мың литр дезинфекциялық сұйықтық жұмсалады. Ал осы уақытқа дейін 600 мың литр сұйықтық пайдаланылды. Жалпы шаһарда 23 мыңнан астам подъезд бен 4 мыңнан астам аула бар. Бұл аймақтарды тазарту жұмыстарына күнделікті 70 бригада, 525 адам қатысады", – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Ержан Сейтенов аулаларды залалсыздандыруға байланысты сын айтылып жатса, кіреберіс есігінде көрсетілген нөмерлерге хабарласу керектігін айтты.
"Сапасыз жұмысты фотоға немесе видеоға түсіріп, сол нөмірлерге жіберсеңіздер, ауланы қайта залалсыздандыратын мамандар жібереміз", – деді Ержан Сейтенов
Құралай Құдайберген