Алматының "Үздік мұғаліміне" автомобиль кілті тапсырылды

872

Бұлардан өзге бірқатар ұстазға диплом мен 500 және 300 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді.

Алматының "Үздік мұғаліміне" автомобиль кілті тапсырылды

Алматыда орта білім беретін мекемелердің 100-ден астам мұғалімі қатысқан "Ұстаз Мәртебесі – Ұлт Мерейі" қалалық конкурсының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

№159 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Ахметова  Алматының "Үздік мұғалімі" атанды, оған автомобильдің кілті тапсырылды. №140 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Нұрғалы Нұрымбетовке отбасылық демалыстың жолдамасы берілді. Бұлардан өзге бірқатар ұстазға диплом мен 500 және 300 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді.

Ұстаздар арасында мұндай байқау өткізудің бастамашысы –  жергілікті кәсіпкер Мұрат Әділханов, ол "Туған жер" бағдарламасы аясында оқу мекемесін салып берген еді.

"Мемлекет басшысының қолдауы арқасында Алматыда 117 оқу орыны салынды. Тек соңғы бес жыл ішінде ғана білім саласын қаржыландыру мегаполисте 37%-ға немесе 27 млрд теңгеге өсті. Қазіргі кезде білім саласының инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Тек биылдың өзінде ғана құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мен сіздерге барынша жауапты әрі қиын жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Ұстаздардың жұмыс сапасы оқушыларының түрлі байқауларда жеңімпаз атануымен және өздеріңіздің жеке кәсіби біліктіліктеріңізбен айқындалады", – деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру барысында бюджет қаржысы есебінен қалада тағы да 8 жаңа мектеп салынады.

Жыл басынан бері жаңарған әдіспен дәріс беруге көшкен Алматы мұғалімдерінің 70%-ының жалақысы 30%-ға өсті. Ұлттық тестілеуден өткен 1293 мұғалім 1 қыркүйектен бастап алғаш рет өздерінің қызметтік жалақысына 30 дан 50%-ға дейін қосымша үстеме алады.

Бұдан өзге, мемлекет ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерге қолдау көрсетуде. Биыл міне, екінші жыл физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарға өздерінің қызметтік жалақысының үстіне 200%-дық көлемде қосымша ақы төленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу