Шығармашылық мерекенің басты оқиғасы – ұлттық рекордтың ресми тіркелуі болды. "Almaty: Bala.Art – Мың бала" еліміздегі ең ауқымды балалар пленэрі ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына (КИнЭС) енді.
Мың жас алматылық бір мезетте туған қаласына арналған картиналар салды. Балалар өз жұмыстарында Алматыны оның тарихы мен танымал нышандары арқылы бейнеледі. Олардың қатарында Ұлы Жібек жолы мен Алтын адам, көне көшелер мен әйгілі апорт, тау шыңдары, субұрқақтар мен гүлзарлар, заманауи мегаполис және болашақ Алматы бар.
Тағы бір айтулы оқиға – Алматы балалық шағы гимнінің тұсаукесері болды. Жаңа композицияны алғаш рет балалардың құрама хоры мен пленэрге қатысушылар орындады.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін "Туған күніңмен, сүйікті Алматы!" атты мерекелік концерттік бағдарлама да өтті.
Алматы қаласы Білім басқармасының жаңа мәдени-білім беру жобасы ауқымды шығармашылық акциямен ғана шектелмей, мың баланы ортақ идея төңірегіне біріктірді. Олар сүйікті қаласы туралы өнер тілімен әңгімеледі.
Іс-шараның қорытынды сәтінде ауқымды композиция ұсынылды: жас суретшілер балалар шығармашылығының, бірліктің және туған Алматыға деген сүйіспеншіліктің символы ретінде "Almaty: Bala.Art – Мың бала" рәміздері бейнеленген кенепті бірге жайды.

Мың бала. Сүйікті қалаға мың түрлі көзқарас. Бір Алматы. Және Қазақстанның жаңа рекорды.