Алматы әкімінің өкімімен, Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Алатау және Түрксіб аудандарының әкімдері болып Азамат Қалдыбеков және Бақытжан Ақжаров тағайындалды. Бұл ретте жаңа әкімдерді таныстырған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев олардың Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілдері екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысының дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру жөніндегі идеясы жүзеге асырып келеміз. Алматыдан Президенттік жастар кадрлық резервіне 39 адам енді. Бүгінгі кандидаттар – аудандар әкімдері болып қызмет атқаруға барынша дайындықтан өткендер. Біз олардан аталған аудандарда тұратын алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуда нәтижелі жұмыстарды күтеміз", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Алатау ауданының жаңа әкімі Азамат Қалдыбеков осы уақытқа дейін мегаполистің жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары лауазымында болды. Түрксіб ауданына әкім ретінде тағайындалған Бақытжан Ақжаров Алматының тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Ал Алатау және Түрксіб аудандарының бұрынғы әкімдері Шахмерден Рыспаев пен Павел Кулагин өз еріктерімен өтініш берулеріне сәйкес қызметтерінен босатылды.