Алматының бас жоспарын әзірлеушілердің болжамы бойынша, 2030 жылға дейін қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 1 трлн 391 млрд теңге жұмсау қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Алматының бас жоспарын жұртшылықпен талқылау барысында мамандар қалада қанша мектеп, аурухана, балабақша және басқа да әлеуметтік мекемелер салу қажет екенін зерттеп, болжам жасады.
Урбанистика саласының өкілдері 2020-2030 жылдар аралығында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысына 1 трлн 391 млрд 493 млн теңге жұмсалуы керек деп есептейді.
Олардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай 88 мыңнан астам орындық мектептер, 15,9 мың орындық емханалар, 59 мың орындық мектепке дейінгі мекемелер салу қажет.
Мектепке деген қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай 64 мектеп пен 12 қосалқы ғимарат, 2030 жылға қарай тағы 67 мектеп, 2040 жылға қарай 57 мектеп салынуы тиіс. Оның ішінде 124 мектеп қалалық бюджет есебінен, 42 мектеп "1000 мектеп" ұлт жобасы аясында, 22 мектеп "Жайлы мектеп" бағдарламасы бойынша бой көтеруі тиіс.
Жаңа емханаларға деген қажеттілік 2025 жылға қарай – 12, 2030 жылға қарай – 15 және 2040 жылға қарай – 38-ге жетеді. Оның ішінде 2040 жылға қарай 46 мемлекеттік және 19 жекеменшік емхана салу жоспарлануда.
Мектепке дейінгі мекемелерге деген қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2040 жылға қарай 37 мемлекеттік балабақша және 335 жеке балабақша (мемлекеттік тапсырыспен) салынуы тиіс.