Алматы қаласы мен Алматы облысында электр желілерінде жұмыс істейтін мамандардың қауіпсіздігін бақылау күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ қызметкерлері экшн-камералар орнатылған арнайы каскалармен жабдықталып жатыр.
Пилоттық жоба 2024 жылы басталған. Бүгінде мұндай камералардың саны 268-ге жетті. Қазіргі уақытта Алматы қаласы мен Алматы облысындағы электр желілері аудандарының барлық жедел-көшпелі бригадалары ақылды каскалармен қамтамасыз етілген. Енді шеберлер бригадаларын жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Экшн-камералар жұмыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша, электр желілеріндегі жұмыстар кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын диспетчерлер, бөлім басшылары мен еңбекті қорғау мамандары қадағалай алады.
Егер қауіпті жағдай немесе қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталса, жауапты мамандар жұмысты тоқтатуды талап ете алады. Сонымен қатар бейнежазбалар тұрақты түрде талданып, қызметкерлерге қосымша нұсқамалар беріледі.
Жаңа жүйе өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және электр желілеріндегі жұмыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.