Алматының ескі автобустарын Атырау сатып алған

980

Алматының ескі автобустарын Атырау сатып алған

Атыраудағы "АйсТрансХолдинг" ЖШС директоры Берік Жетпісбаев пайдаланылған автобустарды не үшін сатып алғандарын түсіндірді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

"Күрделі жағдай қалыптасқан. Атырау қаласында жолаушыларды тасымалдайтын автобустар жетіспейді. Осы мәселені ескере отырып, біз Алматыдан ескі автокөліктерді сатып алуды шештік. Бұл амалсыздан жасалған шара", - деді "АйсТрансХолдинг" ЖШС директоры Берік Жетпісбаев.

Автобус паркі басшысының айтуынша, қазіргі таңда адам тасымалында желіге 40-42 автобус шығып жүр. Алайда, олардың дені қалаішілік маршрут болғандықтан, аздық етеді.

"Сатып алынған автобустар қатарға қосылса, желідегі жолаушылар көлігінің саны 55-60 бірлікке дейін көбеймек. Әрине, сатып алынған көліктердің жақсы күйде емес екенін мойындаймыз. Алайда біз бұл қадамға қаржылық проблемаларға байланысты бардық. Біздің салық, жалақы бойынша берешектеріміз болды. Қазір біз ол проблемаларды шештік", - дейді Берік Жетпісбаев.

Сондай-ақ, серіктестік директоры сырттан әкелінген көліктерге жөндеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл үшін барлық қажетті қосалқы бөлшектер, бояулар сатып алынған.

"Енді бізге бір автобустың сыртқы бөлігі және бес автобустың ішкі жұмыстарын жасау қалды. 15 күннен кейін барлығы қатарға қосылады", - деп сендірді ол.

Айта кетейік, ескі автобустарды биылғы жылдың қараша-желтоқсан айына дейін пайдалану жоспарланып отыр. Содан кейін олардың бір бөлігі есептен шығарылады. Соның орнына жаңа автобустар сатып алынбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу