Индустриялық аймақтың негізгі міндеті өнеркәсіп саласында жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Кәсіпорындардың қызметі туралы "Алматы - индустриялық аймақ" ЖШС бас директоры Әлішер Сатыбалдиев айтып берді.
"2022 жылы 8 жоба іске қосылды, олар "Каз-Диа-Тест" ЖШС, "City Stone", "TEPLOSTIL", "Stroy Production", "ЭлектроБар", сондай-ақ 3 шағын өнеркәсіптік парк ("QazaqPlast", "Alatau Industrial Park", "ALAESTATE"). Инвестиция сомасы 9 млрд теңгені құрады, 466 жұмыс орны құрылды.
2023 жылы 369 жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 15 млрд теңгеге 5 жобаны іске қосу жоспарлануда", – деді спикер.
Биыл 250 жұмыс орнын (төлем жүйелері үшін банк карталарын шығаратын "Розан Азия" компаниясы, хош иісті сабын шығаратын Telli Ondiris, Прайм Интернашионал, Kapital Construction және КМК Investment III кезең EURASIAN X – құрылыс материалдарын шығару) аша отырып, жалпы сомасы 11 млрд теңгеге 5 жобаның құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Қазіргі уақытта Қытай автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт, желатинді өндіретін кәсіпорын сияқты компаниялар белсенді құрылыс жүргізуде.
Бүгінде өнеркәсіптік парктерге орналасу үшін 200-ден астам компания кезек күтуде. Өнеркәсіптік парктер аумағында орналасу бойынша көш басында тамақ, жиһаз өнеркәсібі, пластмасса және металл өңдеу компаниялары тұр.
"Индустриялық аймақ жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын ескерсек, бүгінде аумақтың 95%-ы игерілді. Мемлекет басшысының өзі қолдау білдірген батысқа қарай ЖЭО-2 бағытында 200 гектарға кеңейту туралы шешімі қабылданды. Қазір жер учаскелерін сатып алу аяқталуда", – деп жалғастырды Алматы ИА Бас директоры.