Қалалық мобилділік басқармасы, Көлік холдингі мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған мониторинг топтары жолаушылардың санитарлық ережелерді ұстануын тексеруде, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін қоғамдық көлікте рейд жұмыстарын жүргізіп келген басқарма қызметкерлері тек ескерту жасай алатын. Қазіргі мониторинг тобы санитарлық ережелерді бұзғандарға айыппұл салып, шара қолдануға құқылы.
Сонымен қатар, қалада жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Жолаушылар ағымына қарай жүктемесі жоғары 28 бағыт бойынша қосымша автобустар шығарылып, жүру интервалы қайта қарастырылды. Соңғы аялдамаларда автобус салондарына дезинфекция жасалады. Сондай-ақ, автобустар мен метрода маска тағу қажеттілігі туралы ақпараттық аудиохабарлама жасалады. Көлік холдингі қызметкерлері де карантин кезінде санитарлық нормаларды бұзушыларға ескерту жасап, автобустан түсіру туралы тапсырма алды.