Алматының медициналық мекемелеріне сәуір айында кене шаққан 40 қала тұрғыны жүгінді

876

Қалада кене белсенділігі жалғасуда, бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде инфекционист дәрігерлер хабарлады. Мамандар кене шаққанда не ітсеп, қалай қорғану керектігі жөнінде кеңестер берді.

Алматының медициналық мекемелеріне сәуір айында кене шаққан 40 қала тұрғыны жүгінді

Әдетте қан сорғыш жәндіктердің алғашқы белсенділігі сәуір мен мамырдың жылы күндеріне түсіп, маусымға дейін жалғасады. Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаровтың айтуынша, 1-30 сәуір аралығында кене шағумен 40 ересек адам жүгінген, оның ішінде  жарақат пункттерінде 16 пациенттен кенені алып тастаған, 15 адам кенені өз бетінше алған, тағы 9 қала тұрғыны кенені өздерімен бірге алып келген.

"Барлық науқастарға кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин егілді. Олардың барлығы кененің қайда шағып алғанын түсіндірді. Бұл Медеу, Көк Төбе, Көлсай, Шымбұлақ, Алма-Арасан, Бутаковка және аудандық саяжайлар аумағында болды", - деп атап өтті Б. Омаров.

Дәрігердің айтуынша, кенелер қазан айына дейін қауіпті, бірақ қазіргі уақыт ең белсенді маусым. Сондықтан табиғатқа шығу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды, вакцинацияны жоспарлаған жөн.

"Кенелер саябақтарда, серуен жолдарында, биік шөптер арасында болуы мүмкін. Олардың үлкен кластері таулы жерлерде. Кенелер күн сәулесін ұнатпайды, сондықтан олар көлеңкеде жасырынады", - деді ЖШККА қабылдау бөлімінің меңгерушісі.

 

И.С.Жекенова  атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, дәрігер-инфекционист Тамара Утағанова былтыр Алматыда энцефалит ауруы тіркелмеген болса, биыл дәрігерлер екі фактінің  орын алғанын,  науқастардың әлі емделіп жатқанын айтты.

Оның айтуынша, кене энцефалитіне қарсы вакцинация, әдетте, таулы жерлерде тұратын тұрғындарға, сондай-ақ кәсіби қажеттілігі бар адамдарға көрсетіледі.

"Вакцинация ерте көктемде немесе күздің аяғында басталады, өйткені иммунитет кенемен кездесуге дейін қалыптасуы керек. Екпе үш рет жүргізіледі", - деп қосты Т.Утағанова.

Инфекционист дәрігерлер репелленттік препараттар кенелерден қорғауға көмектесетінін атап өтті, бірақ жабық киімге қойылатын талаптарды сақтау қажет. Кененің шаққанын немесе шақпаса да  денеге болмаса киімге жабысқанын анықтаған жағдайда жедел жәрдем бөліміне хабарласу керек, өйткені энцефалит инфекциясы үшін адамның терісін кененің сілекейлеуі жеткілікті.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас балалар инфекционисі Әділ Қатарбаев кенелерден қорғайтын репелленттердің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

"Кенелерге қарсы қолданылатын репелленттер екі топқа бөлінеді. Біріншісі тек қорқытып қана қоймай, 5-7 минут ішінде өлтіре алады. Олар ресейлік, оларды дәріханаларда сатып алуға болады. Бұл ретте аталған репелленттерді теріге жағуға болмайтынын, олар киімге арналғанын ескеру қажет", - деп түсіндірді дәрігер Ә. Қатарбаев.

Екінші топтағы репелленттер кенелерді өлтірмейді, бірақ олардың бетін қайтарады, оларды теріге де, киімге де шашуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу