Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде жаңарған Орталық мәдениет және демалыс саябағын аралап көрді. Бұрындары жаңа фонтандар, балалар мен спорт алаңдарын салуға басқарушы компания "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 1,6 млрд теңге жеке қаржыны инвестициялаған еді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Орталық саябақ директоры Владимир Калинин өзінің сөзінде жарық діңгектерінің, асфальтты төсеніштердің, тротуарлар плиткалаларының жаңарғанын, заманауи навигацияның орнатылғанын айтты. Бұрын көлік тұрағы болған саябақтың нақ төріне спорт алаңдары, стрит-воркаут, баскетбол және футбол алаңдары, роллердром, заманауи бетонды скейт парк орналасқан. Жазғы сахна маңында жаңа субұрқақ, 10 жыл бойына жұмыс істемеген, қайта жаңарған фонтан бар.
"Дәстүрді құрметтей отырып, реконструкциялау кезінде біз "Тенгриан күнтізбесін" бейнелейтін кешенді мүсін жасау туралы шешім қабылдадық, ал бұл Орталық Азияның көшпелі елдерінің 12 жылдық "шығыс күнтізбесін" көрсетеді. Осы ретте біз тарихшылармен, сарапшылармен кеңестік, олардың арасында белгілі өнертанушы доктор, профессор Әсия Ибадуллақызы Мұхамбетова бар. Меніңше, бұл жер болашақта саябақтың нағыз көрнекі орнына айналады деп ойлаймын", – деп атап өтті Владимир Калинин.
Биылғы жылдың өзінде мұнда тағы да қосымша жаңа балалар қалашығы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорт алаңы және "Музыка бағы" пайда болады, дәл осы жерге Бауыржан Байбектің ұсынысы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шүкеновтың мүсіні қойылады.