Алматының шет аудандары жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады

904

Биыл ұялы байланыс операторларының қатысуымен 5 жаңа базалық станса іске қосылды. 

Алматының шет аудандары жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев бұрын көптеген мәселелер туындаған Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы  интернет және ұялы байланыс турасында сөз қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазіргі кезде Алматының Цифрландыру басқармасы NLS Kazakhstan компаниясымен бірлесіп Түрксіб ауданының Нұршашқан шағын ауданында және Наурызбай ауданының Тастыбұлақ шағын ауданында пилоттық жоба іске асыруда. Бұл учаскелерде талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

"Бүгінгі таңда Нұршашқан және Тастыбұлақ шағын аудандарына қарай кабельдерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сауалнамалар мен өтініштер негізінде Алматы қаласы бойынша интернетке қосылуға қатысты 8 мыңнан астам өтініш жиналды", – дейді Баян Қоңырбаев.

Нұршашқан шағын ауданында 400 үй интернетке қосылған, Таусамалда олардың саны 1000-нан асады. Тұрғындар үшін "мамандандырылған тарифтік жоспарлар" әзірленді.

Енді Алғабас, Қайрат, Әлмерек шағын аудандарының тұрғындарын интернетке қосу жоспарлануда. Әзірге желінің сапасына қатысты олқылықтар бар. Қазіргі кезде Әлмеректе интернетке 600 үй, Алғабаста 1500 үй қосылған.

Бұдан басқа, "Қазақтелеком" АҚ-мен FWA (Fixed Wireless Access) технологиясын пайдалану арқылы тіркелген Интернетке (90 Мб/с дейін) қосылу мәселесі пысықталуда. Мұндағы FWA дегеніміз – радио интерфейсі арқылы жаппай қызметтерге тұрақты сымсыз қол жеткізу.

Бүгінде аталған технология қосылатын аудандар анықталды. Енді техникалық мамандандыру және радио жоспарлау жұмыстары басталмақ. Әзірге пилоттық нұсқада Алатау және Түрксіб аудандарының шағын аудандары зерделенуде.

"Біздің міндетіміз – тұрғылықты жеріне қарамастан, қаланың шеті немесе орталығы болсын, бәріне бірдей сапалы ұялы байланыс қызметін ұсыну", – деп атап өтті Баян Қоңырбаев.

Айта кетейік, Алматыда интернет сапасын жақсарту жобасы өткен жылы интернет пен байланыс болмаған 218 аймақты қамтыды.

Тағы бір өзекті мәселе – Алматыда сапалы мобильді байланысты қамтамасыз ету. Баян Қоңырбаевтың айтуынша, әкімдікте ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, Алматыда 6 нүкте бойынша базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Биыл ұялы байланыс операторларының қатысуымен Алатау, Түрксіб, Жетісу және Алмалы аудандарында 5 жаңа базалық станса іске қосылды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу