"Коронавирусқа қарсы іс-қимылдағы маңызды жұмыстың бірі – телемедицина орталығын құру болды. Жаңадан құрылған бірегей орталықта болдым. Бұл жер пандемия кезінде қауіпті індетке шалдыққан науқастарға қашықтан көмек көрсетеді", - дейді Алматы әкімі.
Оның айтуынша, арнайы дайындықтан өткен 52 дәрігер тәулік бойы аудио немесе бейне байланыс арқылы амбулаториялық ем қабылдап жатқан науқастың жағдайын бақылап, оларға кеңес береді. Бүгінде 816 адам үйде емделуде. Өткен жылдың 1 қарашасынан бастап үй карантиніндегі 3,7 мың қала тұрғынына қашықтан мониторинг жүргізілді.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев қалалықтарға алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету үшін барлық жағдайлардың жасалатынын айтады. Бұл міндет жақын маңда емханалар жоқ ықшамаудандарда отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларды ашу арқылы шешілуде.
Мәселен, Түрксіб ауданында заманауи құрылғылармен жабдықталған "Алтай" ОДА 11 мың адамға қызмет көрсетеді. Соңғы екі жылда Алматыда мұндай 16 отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Биыл тағы төртеуін ашу жоспарлануда.
Қала әкімі жеке капитал есебінен құрылатын оңалту орталықтары жүйесінің ұлғайғанын хабарлады. Өткен жылы "Аруана" көпсалалы орталығы ашылды. Орталық 50 төсек-орынға есептелген, соның ішінде инсульт, кардиология мен травматологиялық науқастарды емдеуге арналған 41 орын бар.