Алматының Түрксіб ауданында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 6100 орындық 4 жаңа мектеп салу жұмыстары басталады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айта кетерлігі, Алматыда қала әкімдігінің жобалық офисі аясында 2024-2025 жылдары 37,1 мың орындық 22 жайлы мектеп салу көзделіп отыр.
Ерболат Досаев өзінің сөзінде Түрксіб ауданында 600 орындық №198 мектепке қосалқы нысан салу, №83 гимназия филиалын реконструкциялау, №50 мектепті сейсмикалық күшейту, сондай-ақ, №59 мектеп жанындағы 300 орынды қосалқы нысанды реконструкциялау мен сейсмикалық күшейту 2024 жылғы наурызға жоспарланғанын айтты.
"Мектептердегі орын тапшылығын азайту үшін 2023 жылы "Қайрат" ш/а 1500 орындық №211 гимназия пайдалануға берілді. №195 мектеп жанынан 450 орындық қосалқы нысанның құрылысы басталды. Аяқталу мерзімі-2025 жылдың қаңтар айы", - деді Алматы әкімі.