Алматыда қаланың жаңа Бас даму жоспарының стратегиялық экологиялық бағалауы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тыңдаулар барысында қаланы экологиялық тұрғыдан дамытуға арналған сценарийлер қарастырылуда. Атап айтқанда, әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан тау бөктерлерінде күрделі құрылыс жүргізуге толық тыйым салу, Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағы аумағын қорғау режимін сақтау, сондай-ақ қаладағы ауа сапасын бақылау желісін 50-ден астам тұрақты бекетке дейін кеңейту мәселелері талқыланып жатыр.
Стратегиялық экологиялық бағалау қала дамуының негізгі жоспарын әзірлеу барысында экологиялық факторларды алдын ала ескеруге мүмкіндік береді. Бұл Алматының жаңа Бас жоспарын қалыптастырудағы маңызды кезеңдердің бірі болып саналады.