ҚР Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Алтай Әбибуллаевтың қызметінен не үшін кеткені белгілі болды. "ҚазАқпарат" ХАА сауалына орай ҚР Сыртқы істер министрлігінің берген жауабында ол "шаруашылық жүргізуші субъектілерінің коммерциялық қызметіне араласуға әрекеттенумен байланысты мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғанын" хабарлады.
"2017 жылғы 9 ақпанда өткен ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысы барысында ҚР Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі А.И. Әбибуллаевты шаруашылық жүргізуші субъектілерінің коммерциялық қызметіне араласуға әрекеттенумен байланысты мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселесі қаралды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша А.И. Әбибуллаевқа қызметке сәйкестігінің толық еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс енгізуге шешім қабылданды. 2017 ж. 1 наурызда мемлекет басшысымен А.И. Әбибуллаевты атқарып отырған қызметінен босату туралы шешім қабылданды", делінген ҚР СІМ хабарламасында.