Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында магнитті-резонанстық томография орталығына арналған жаңа ғимарат пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаның құны 622,6 млн теңгені құрады. Нысан Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару және оларды әлеуметтік маңызы бар нысандарды қаржыландыруға бағыттау жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.
Бұған дейін Алтай ауданында жеке МРТ кабинеті болмаған. Тұрғындар қажетті тексеруден өту үшін 175 шақырым жердегі облыс орталығына баруға мәжбүр болған. Бұл әсіресе егде жастағы адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және шұғыл диагностика қажет пациенттерге қиындық туғызған.
Жаңа орталық аудан мен оған іргелес елді мекендердің 50 мыңнан астам тұрғынына медициналық диагностикадан жергілікті жерде өтуге мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы бұл жобаны мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы бар нысандарға бағыттаудың бір мысалы ретінде атап өтті.