Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының прокуратурасы бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытында жүргізген талдау барысында "Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы" ШЖҚ МКК тарапынан мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптары бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, медициналық мекеме жеткізушілер алдында бұрын жеткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер үшін мерзімі өткен берешек қалыптасуына жол берген.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде ауданаралық аурухана 37 кәсіпкерлік субъектісінің алдындағы жалпы сомасы 106,47 млн теңгені құрайтын берешекті толық көлемде өтеді.
Қабылданған шаралар мемлекеттік кәсіпорынның бизнес өкілдері алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықты сақтау және қолайлы бизнес-климат қалыптастыру прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.