Нұр-Сұлтан қаласында қашықтан білім алатын оқушыларды компьютермен қамту үшін бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген. Қала әкімі Алтай Көлгінов "Астана" телеарнасына берген сұхбатында бұл қаражат жетім балалар мен аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларын қолдауға бағытталатынын айтты.
"Оқулық сатып алып жатырмыз. Бұл мақсатқа 2,3 млрд теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде 1,5 млн оқулық алынды. Ал қашықтан оқыту кезінде компьютері жоқ оқушыларды техникамен жабдықтау үшін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жалпы республикалық және жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 6млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 35 мың компьютер алынады. Ең бірінші кезекте ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары алады. Аталған санаттағы балалардың тізімі бар. Өтінімдер түскен. Ал бір үйде 5 баладан көп болса, екі компьютерден береміз. Бұған қосымша 23 мың роутер сатып аламыз. Мемлекет есебінен мектеп формасын алуға да ақша бөлеміз. Былтыр әр оқушыға 30 мың болса биыл, 40 мың теңгеге дейін көтердік. Былтыр 6 мың оқушы осындай көмек алса, биыл 13 мың бала қамтылады", - деді әкім.
Есжан Ботақара